Көші-қон туралы жаңа заң мамырда қабылданады
АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Көші-қон туралы жаңа заң мамырда қабылданады. Бұл жайында бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
«Бүгінде Қазақстан көші-қон жөніндегі заң жобасын жаңа редакцияда қабылдамақ. Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Біздің пайымдауымызша, ол ағымдағы жылдың мамыр айында қабылданатын болады»,-деді вице-министр.
Оның айтуынша, осы заң жобасы аясында маусымдық жұмысшылар мен мәртебесі реттелмеген еңбек мигранттарының қызметін реттеу шаралары бойынша бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған.
Сонымен қатар аталған құжатта мәртебесі реттелмеген еңбек миграттанттарын ресми түрде бекіту бойынша акция бес жылда бір рет өткізіліп тұрмақ.
«Бүгінде миграциялық қадағалау шаралары тыңғылықты атқарылуда. Осы бағытта тиісті жедел шаралар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, бұл бағытта заң бұзушылықтар анықталып, елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтарын ел аумағынан шығару жұмыстары атқарылады. Жыл сайын заңнама талаптарын сақтамаған 18-20 мың мигрант елдеріне қайтарылады»,-деді Б. Нұрымбетов.