Қошқар ата көлін қалпына келтіруге бөлінген қаражат бюджетке неге қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан Маңғыстау облысындағы Қошқар ата улы қалдықтар көлін қалпына келтіру жұмыстарына бөлген қаржы кімнің пәрменімен бюджетке қайтарылғанын сұрады.

улы көл
Фото: Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

— Маңғыстау облысындағы Қошқар ата көліндегі улы қалдықтарды рекультивация жасау жұмыстарына бөлінген 8,3 млрд теңге игерілмей қалды. Президент бір емес, үш рет Қаулымен тапсырма берді. Жобалық сметасы сараптамадан оң қорытындысын алып, үш жылдық бюджет бекітілді. 2024 жылға ғана 8,3 млрд теңге бөлінді. Мердігер де анықталып, 6 айдан кейін жұмысты тоқтатып, 8,3 млрд теңгені кері қайтарып алдыңыздар. Осы кімнің пәрменімен істелді, кім бұған бұйрық берді, — деп сұрады ол.

Министр Ерлан Нысанбаев мұның себебін көлдің экожүйесіне жүргізілген қосымша зерттеулермен байланыстырды.

— 2024 жылға қарастырылған қаражатты бюджетке қайтарудың бірден-бір себебі — мамыр айында Маңғыстау облысы әкімдігінің қосымша қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сол себептен қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстары тоқтатылған соң қаражатты бюджетке кері қайтарды. Қазір зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалау-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алады деп отырмыз. Зерттеу нәтижесін ескерілген бюджеті белгіленген соң осы нысанға қаражат бөлуді қарастырамыз, — деді министр.

Жалпы Маңғыстаудағы Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстарына 49,5 миллиард теңге қажет деген есеп бар. 

Соңғы жаңалықтар