«Қошқар ата» радиоактивті қалдықтар полигонында рекультивация жұмысы қайта басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау жанындағы «Қошқар ата» радиоактивті қалдықтар полигонында жерді қалпына келтіру жұмыстары қайта басталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы аумағы 6600 гектарды құрайтын «Қошқар ата» қалдық қоймасындағы әлсіз радиоактивті қалдықтардың топырақ бетінде орналасуы маңайдағы 3 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Ауылдарда 372 мың адам тұрады. 30 жылдан аса уақыт мәселеге айналған қалдық орнын рекультивациядан өткізу жыл басында басталған еді. Республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, 905 га жерге рекультивация жасалды. Бірақ бұл жұмыстарға төлем жасалмаған.

2022 жылдың 11 сәуірінде жобаға түзету енгізу туралы үшжақты меморандумға қол қойылып, түзету жұмыстарын төлеу мердігер есебінен өтелген. Нәтижесінде 2022 жылғы 19 тамызда «Қошқар-ата қалдық қоймасын рекультивациялаудың» І кезеңі бойынша мемлекеттік сараптаманың және мемлекеттік экология сараптамасының оң қорытындысы алынған.

«Маңғыстау облысының әкімдігімен осы жылдың 28 ақпанында «Қошқар-ата» қалдық қоймасын рекультивациялаудың I кезеңіндегі жобасына түзету енгізу бойынша техникалық жиналыс өткіздік. Енді мердігер мекеме қалдық қоймасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан карьерден топырақты тасымалдауға көшті. Жұмыс жоспарға сәйкес жүреді. Алдағы жылдарға әкімдік тарапынан сұратылған қаражат қолдау тапты», - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.

Айта кетейік, 2021 жылы 10 қарашада республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге аударылып, рекультивация жұмыстары жасалған еді. Оған 30 арнайы техника мен 70-ке тарта адам жұмылдырылған. Нәтижесінде 266,2 га жерге 819,3 мың м3 топырақ төгілді.



Фото: mangystautv.kz





Соңғы жаңалықтар
telegram