«Қошқар-Атада» радиациялық қауіп жоқ: 843 мың сексеуіл отырғызылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда «Қошқар-Ата» радиациялық қалдықтар қоймасының аумағында радиация белгіленген нормадан аспайды. Дегенмен нысанды толық қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Қазір қалдық қоймасының айналасына жасыл белдеу қалыптастырылып, экологиялық жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2024 жылы жүргізілген кешенді зерттеу жұмыстары нәтижесінде «Қошқар-Ата» аумағында шекті деңгейден асатын радиоактивті ластану анықталмаған. Зерттеу қорытындысы бойынша аумақта биологиялық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы жүргізген зерттеулер де қазіргі уақытта қалдық қоймасы аумағынан тұрғындар мен қоршаған ортаға радиациялық, химиялық немесе шаң арқылы жол берілмейтін қауіп анықталмағанын көрсеткен.
Зерттеу кезінде қалдық қоймасының өзіндегі және оған жақын аумақтардағы радиация деңгейі, радиоактивті және химиялық заттардың таралуы, сондай-ақ шаңның қоршаған ортаға ықтимал әсері бағаланған. Мамандар тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретін радиациялық жағдай тіркелмегенін айтады. Радиациялық фон белгіленген нормативтер шегінде болған.
Алайда бұл қалдық қоймасын бақылау қажет емес дегенді білдірмейді. Керісінше, мамандар оның экологиялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін атап отыр.
— Қазір «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының айналасында жасыл қорғау белдеуін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы 878,2 гектар аумақта жасыл белдеу жасау жоспарланған. Қазіргі уақытта аумақ толық қоршалған және 843 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған.Жасыл белдеу қалдық қоймасынан тарауы мүмкін шаңның әсерін азайту және аумақты қауіпсіздендіру мақсатында қалыптастырылып жатыр. Жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін жалғасады, — делінген хабарламада.
Қалдық қоймасының қоршаған ортаға әсерін толық бағалау үшін топыраққа, жерүсті және жерасты суларына кешенді зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілген. Қаражат бөлінсе, зерттеу жұмыстары бір жыл бойы жүргізіледі.
Бұған дейін, Ақтауда 2,5 мыңнан астам ағаш жерсінбей қалғанын жазған болатынбыз.