Көшкін 17 адамның өмірін қиып кетті, қар астында оншақты адам қалуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның солтүстігіндегі Купвара-Тандхар тас жолында ірі қар көшкіні жүріп кем дегенде 17 адам қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ТАСС-қа сілтеме жасап.
Жергілікті полиция хабарлағандай, жұма күні 500 метр биіктіктен құлаған қар көшкіні мен тас кесектерінің астында 30-ға жуық адам қалған. Екінші тәулік бойы жүргізіліп жатқан құтқару жұмыстары барысында 17 адамның денесі табылды, оның ішінде бір жасар сәби де бар.
Құтқарушылар төрт адамды тірідей құтқарып алды, олардың біреуі қар құрсауында 12 сағат жатқан.
Куәгерлердің айтуынша, көшкіннің астында әлі оншақты адам бар болуы мүмкін.
Штаттың табиғи апаттармен күрес министрі Джавайд Мустафа опат болғандардың отбасына 400 мың рупий көлемінде (6 мың доллар) төлемақы берілетінін айтты.
Оқиға жергілікті халық арасында наразылық тудырып жатыр. 10 шақырымдық туннель салып бере алмағандықтан, жергілікті жұрт үкіметтің осы аймаққа деген немқұрайлылығын сынға алды. Карна және Купвара қалаларын байланыстыратын 70 шақырымдық тас жол қыс айларында ең қауіпті аумаққа айналады екен. Келтірілген мәліметке сәйкес, соңғы 10 жылда осы таулы өңірдегі қауіпті тас жолдың бойында 300-дей адам опат болған.