«Көшпенділер ешкімге ұқсамайтын өзіндік озық мәдениет үлгісін жасады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 20 жыл толған еді. Германия Қазақстанның тәуелсіздігін таныған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі болды. Біз ГФР-ді Еуропадағы негізгі серіктесіміз ретінде қарастырамыз, ал Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы басымдық беретін мемлекет болып табылады.
Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстанның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжановтың «Өзара тиімді қарым-қатынасқа өріс кең» деген тақырыппен мақаласы басылды. «Бүгінгі күнде Қазақстан мен Германия арасындағы барлық салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, ең жоғары деңгейдегі пәрменді саяси үнқатысу қолдау табуда. Үкіметаралық, парламентаралық және партияаралық байланыстар, сондай-ақ ғылыми, іскерлік, шығармашылық интеллигенция топтары арасындағы үнқатысу өзара құрмет, сенім және ашықтық негізінде тұрақты түрде нығайып келеді», - деп жазады мақала авторы.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлымен арадағы сұхбат «Көшпенділер ешкімге ұқсамайтын өзіндік озық мәдениет үлгісін жасады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген ол: «Меніңше, бізде жастарды «үлкенді сыйлау» деген түсінікпен басып тастаған. Ғылымда да, өнерде де, тойда да қарттарды алға шығарады. Тойда алға шықсын-ақ, бас тартылса батасын жасасын-ақ. Ал ғылымда, білімде, өнерде жастарды неге алға шығармасқа? Мейлі ол он тоғыз жастағы бала болсын, ойы озса алда жүруі тиіс», - дейді.
Қазақстандық кәсіпқой бокс шебері Геннадий Головкин АҚШ-та поляк жігіті Гжегож Проксаны сұлатп салып, Американы тамсандырды. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Головкин АҚШ-ты тамсандырды» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, бұл WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақ салынған жекпе-жек еді. Бұл жекпе-жекте қазақтың көмір мен кенге бай сайын даласынан шыққан Геннадий Головкин мен Польшаның қарулы жігіті Гжегож Прокса қолғап түйістірді. «Прокса да жүректі екен, жекпе-жек басталмай жатып «мен Головкинді нокаутпен жеңемін» деп жар салды. Содан болар, біз «жекпе-жек қалай өтер екен» деп қобалжып та жүрдік», - деп жазады басылым.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, әлем кардиохирургтері донор тапшылығына орай дабыл қағып жатыр. Себебі соңғы кезде дүниежүзі бойынша жүрегін алмастыру отасын күтіп жүрген науқастар көбейіп барады. Олар жүрек трансплантациясына дейін жасанды жүрекпен өмір сүруге мәжбүр. Ал жасанды жүрек науқастың ғұмырын ары кетсе 2 жылға ұзарта алады. Мақала «Мемлекетаралық донорлар банкі құрылса...» деген тақырыппен берілген.
***
Көкшетауда оқу жылы жанжалдан басталды. Бір жоғары оқу орнының студенттері ұрыс-керіс жасап, полиция қызметкерін жаралады, деп хабарлайды «Экспресс-К» газеті «День знаний закончился побоищем» атты тақырыппен берілген материалда. Басылымның атап өтуінше, төбелес «Еуразия» түнгі клубының маңында басталған көрінеді. Оқиға орнына бірінші болып жаяу шолғыншылар келеді. Олар екі жаққа бөлініп, жұдырықтасып жатқан 20 шақты жігітті жан-жаққа ажыратуға тырысқан екен. Жігіттердің бірі сол кезде 20 жасар полиция қызметкерінің сол жамбасына пышақ салады. Абырой болғанда оқиға орнына қосымша күш келіп, төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды. ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар сол түні Білім күнін мерекелеп жүрген көрінеді.