Көшпенділер мәдениеті Ботай өркениетінен басталады - тарихшы Ж. Артықбаев
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Біздің көшпелі мәдениетіміз, кем дегенде, Ботай өркениетінен басталады. Бүгін Астанада «Аманат» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық тарихты зерделеу» тақырыбындағы мәжілісте Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев осылай айтты.
«Иә, біздің бүкіл мәдениетіміз, өркениетіміз жылқыға байланған. Онсыз қазақ тарихын жазып шығу мүмкін емес. Сондықтан Ботай сияқты энеолиттік мәдениеттің Орталық және Солтүстік Қазақстан жеріндегі қоныстарын жан-жақты зерттеп, білу керек», - дейді Ж. Артықбаев. Ғалым атап көрсеткендей, ежелгі тарихты этнография арқылы «сөйлету» керек. «Сөйтіп, Ботайдан қазіргі заманға дейінгі тарихымызды бір-бірімен жалғастырып, алып келуіміз керек. Әйтпесе, біздің бүгінгі тарихымыз үзіліп қалған кинолента іспеттес. Ал ғұн, сақ сияқты кезеңдердің бәрін байланыстырып, тұтас бір тарихты жазып шыққан жөн», - деп атап көрсетті Ж. Артықбаев.