Көшпенділер ойындары: Садақ атуды интернет желісінен үйрендім – Марат Бексұлтанұлы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ге жуық садақшы қатысады. Соның бірі – атыраулық спортшы, садақ атудан спорт шебері Марат Бексұлтанұлы. Бұған дейін ол ел чемпионатында жеңімпаз атанып, халықаралық турнирлерден жүлде алған.

садақ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Марат Бексұлтанұлының мамандығы – заңгер. Біраз жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Тіпті лауазымдық қызмет атқарған. Бірақ, 4 жылдан бері жеке шаруашылықпен айналысуға бет бұрған. Қазір атыраулықтарға дәстүрлік садақ атуды үйретіп жүр.

«Біздің халқымыздың көшпенділерге тән ұлттық өнері көп. Дәстүрлі ән, күй мектебі қалыптасқан. Бағзы дәуірде аң аулауға шыққан бабаларымыздың бәрінде бірдей берен мылтық болмаған шығар. Осы тұрғыдан айтқанда, садақ атуды сол бабалардан қалған асыл мұраға жатқызуға болады. Ал, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрміз бе? Осы сауал төңірегінде ойланып, «Бұл істі неге қолға алмасқа?» деген тоқтамға келдім. Бірақ, Атыраудан садақ атудың қыр-сырын үйретуді қолға алған үйірме таппадым. Сол себептен, өзім садақ атуды үйрететін сабақты интернет желісінен тауып алдым. Сол арқылы садақ атуды меңгердім», -дейді Марат Бексұлтанұлы.

Садақшының айтуынша, қазір садақ ату мектебін қалыптастыра бастаған. Арнайы федерация ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. 

садақ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Садақ атумен айналысудың пайдасы өте көп. Алдымен, бұл – адамның рухани жетілуіне, физикалық дамуына оң әсер ететін әрі өнер, әрі спорт. Екіншіден, жас буынның мінез-құлқының салмақты болуына ықпалын тигізеді. Садақ атуды меңгерген жастардың мінезі байсалды болады. Өйткені, садақшыға байсалдылық ауадай қажет. Бұл спортта ашумен, асығыстықпен жеңіске жету мүмкін емес. Үшіншіден, садақ атқан адамның ептілігі, шеберлігі жетіледі», -дейді Марат Бексұлтанұлы.

Қазір ол «Батухан жебесі» федерациясының жұмысын жандандыруға жұмыстанып жүр. Биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Өзінің 40-қа жуық шәкірті бар. Атыраудан 4 спортшы іріктеу жарысына қатысқан.

«Атырау облысында соңғы 4-5 жылда дәстүрлі садақшылар саны 100-ге жуықтады. Олардың арасында 7 жасар бала да, жасы 60-қа таяған үлкендер де бар. Ел құрамасына Атыраудан менімен бірге Бауыржан Ақтаев, Әли Сесигүзел, Мәдина Бисембиева алынды. Енді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елдің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсететуім қажет», - дейді Марат Бексұлтанұлы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 спортшы қатысатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар