Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы «Астана аренада» өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 8 қыркүйекте «Астана арена» стадионында жылдың ең ауқымды спорттық шарасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көшпенділер ойындары елорданың 7 ғимаратында өтеді. Қазір оның үшеуі – «Астана арена» стадионы, «Алау» мұз сарайы және Ипподромда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Астана арена» стадионы мен «Алау» мұз айдынының реконструкциясына 29 млрд теңге бөлінген.

«Астана Арена» стадионы 2009 жылы ашылған және бұған дейін реконструкция жұмыстары жүргізілмеген. Мұнда 30 мыңнан астам адам сыяды. Былтыр Көшпенділер ойынына дайындық үшін демонтаж жұмыстары басталды, содан бері жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мұнда 10 тамызға дейін негізгі жұмыстар аяқталады және 20 тамыз күні толығымен пайдалануға берілуі қажет», - деді Астана қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Құрбанбекұлы.

Қазіргі уақытта «Астана Аренада» 500-ден астам жұмысшы күні-түні екі ауысымда қарқынды жұмыс істеуде. Құрылыс материалдары да – отандық өнім, Астана, Теміртау, Атырау қалаларынан жеткізілген.

«Реконструкция болғандықтан, ғимараттардың барлық функционалы сақталады, тек материалдары жаңартылып, инженерлік желілері ауыстырылып, келушілер мен спортшыларға ыңғайлы бола түседі. Сырттағы абаттандыру, әрлеу, витраждар қою және ағаш егу жұмыстары толығымен аяқталып қалды. Ішкі бөлігінде де әр қабатта жөндеу жұмыстары жүреді, стадионның шатыры ауыстырылады. Ал газон Көшпенділер ойыны аяқталған соң ауысады», - деп түсіндірді басқарма өкілі.

Көшпелілер мәдениетінің бірегей мерекесі саналған әлемдік оқиға дәстүр мен заманауи жетістіктерді насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен көрермендердің басын біріктіреді.

Әлемдік спорт шарасына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

