Көшпенділер ойынында овариден олжа салуға мүмкіндігіміз бар – Серік Ақтаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының спортшылары V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында асық ату, ордо, овари, құраш және аба бойынша ел намысын қорғайды. Жалпы өңірден 7 спортшы және бірнеше төреші қатысады деп күтіліп отыр.

Серік Ақтаев
Фото: Фото: С.Ақтаевтың жеке архивінен

Ертіс-Баян өңірінің спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойынына білек сыбанып дайын отыр. Спортшылар асық ату, ордо (асық атуға ұқсас ойын), құраш (қырғыз күресі), аба (түркі күрес түрі) және овари бойынша сынға түседі.

Атап айтқанда, Ақтаев Серік пен Ернұр Мерешев оваридан, Жомарт Нұрланов пен Керім Жаздықбай асық атудан, Саят Қизат ордодан, аба бойынша Мұхтар Дәлелханұлы, құраштан Алтынай Нұрханова жарыс жолына қосылады.

Тоғызқұмалақтан 3 дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Серік Ақтаев отандық ойыншылардың овариден олжа салатын мүмкіндігі зор деп есептейді.

- Овариді 2008 жылдан бері ойнап келемін. Овари тоғызқұмалақ тектес ойындарға жатады. Ойын тақтасында 12 отау, 2 қазан, 48 тас болады. Негізгі мақсаты 25 тас жинап, қарсыласты ұту. 24 тастан шықса, тең ойын болады. Қарсыласта жүріс таусылған кезде оны жүруге мәжбүрлеу тактикалары да қарастырылған. Бұл ойын Африка елдерінен шыққан. Биылғы жарысқа әлемнің үздік овари ойыншылары қатысады,-деді спортшы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

С.Ақтаев соңғы 16 жылда овариден әлемдік деңгейде өткен 24 халықаралық жарысқа қатысып, соның тең жартысында жеңімпаз атанған. Ал өзгесінде үздік үштіктен төмендеп көрмепті. Спортшы негізгі мақсат - 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ҚР құрама командасы қатарында барынша тәуір ойын өрнегін көрсету дейді ол.

Ал Қайырбаев атындағы ұлттық клубтың директоры Дархан Жоламанов өңіріміздің спортшылары бабында екенін айтады.

Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшыларға қандай ас мәзірі ұсынылатыны туралы жазған едік.