Көшпенділерге арналған жаңа Neo Nomad визасының иегері кім
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазір оның жалғыз иесі – энергетика және қаржы саласында тәжірибесі бар Ұлыбритания азаматы Сертач Йенер.

— Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге, яғни бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды коммерция сияқты түрлі салаларда қызмет ететін шетелдік азаматтарға арналған. Алғашқы және әзірге жалғыз виза иесі – Ұлыбритания азаматы Сертач Йенер, – деп жауап берді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі біздің сауалымызға.
Компаниядан атап өткендей, виза иелерінің бір жылға дейін Қазақстанда тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл шетелдік туристерге Қазақстан мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік береді.
Қазір әлемнің 50-ден астам елі цифрлық көшпенділерге виза енгізді, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
— Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек, оның мөлшері айына кемінде 3 000 АҚШ долларын құрауы қажет. Сонымен қатар, негізгі кіріс талаптарынан басқа, шетелдік өтініш берушіге медициналық сақтандыру және соттылығының жоқтығы туралы анықтама талап етіледі. Негізі өтініш берушінің отбасы мүшелері де виза ала алады, — деп қосты компаниядан.
Еске салайық, елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілген болатын.