Қосылған құн салығының шегі өссе, әлеуметтік салаға қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қосылған құн салығы шегін көтеруге қатысты пікір білдірді.

- Бұл ұсыныс әзірге талқыланып жатыр. Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин бизнес өкілдерімен талқылауға өңірлерге шығатынын хабарлады. Біз барлық аймақтың, бизнестің және басқа құрылымдардың пікірін жинаймыз, содан кейін шешім қабылданады, - деді Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Осылайша Үкімет басшысының орынбасары соңғы әрі нақты шешімнің қабылдануын күтуді сұрап отыр.
- Жұмыс тобының ұсыныстары мен есебін күтейік, содан соң жалпы әлеуметтік қорғау шаралары мен әлеуметтік салаға әсері туралы айтуға болады, - деп қысқа қайырды вице-премьер.
Кеше Үкімет қосылған құн салығы мөлшерлемесіне қатысты жаңа ұсыныс айтты.
— Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қосылған құн салығынан толық босату, ал бірқатар салалар үшін — 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату, — деп түсіндірді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бірер күн бұрын бизнес өкілдерімен кездесуде қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиістігін айтқан еді.