Қоскөлде жарты тонна мөңке балығы қырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Кіші Қоскөл көлінде балық қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Кіші Қоскөлдің солтүстік-батыс жағалауынан 500 келі өлі балық табылды. Өлген балық ветеринарлық зертханаға жіберілді. Ол жерде мөңкенің неден қырылғанын анықтау үшін сараптама жасалады. Мамандар судың сынамасын да алып, зерттейді. Ал көлді жалға алушы енді оны тазартып, өлген балықтарды жоюы керек.

Көл басына экологтармен бірге облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының өкілдері, Антонов ауылдық округінің әкімдігі және Айыртау ветеринарлық стансасының мамандары барды.

Бұған дейін Тайынша ауданындағы Шағлытеңіз көлінде балық қырылған болатын. Арнайы құрылғы суқоймасы маңында күкіртсутектің мөлшерден көп болғаны анықталды. Балықтың нақты қырылу себебін ведомствоаралық комиссия анықтайтын болады.

Мамыр айында М.Жұмабаев ауданындағы Питное көлінде де балық қырылған еді. Ол жолы 500 келі мөңкенің қырылуына күкіртсутектің көп мөлшерде бөлінуі себеп болды.


Соңғы жаңалықтар