Қоспаев бастаған қылмыстық топты шекарадан өткізіп жіберген Машанло 2,5 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық прокуратурасы «Қоспаев» ұйымдасқан қылмыстық тобы» деген атпен танылған ұйым мүшелерін шекарадан заңсыз өткізіп жіберген күдіктінің сотталғанын хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қордай аудандық сотының 25 сәуірдегі үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Шалин, Имашев және Қоспаевты мемлекеттік шекара арқылы өткізу жұмысын ұйымдастырған М.А.Машанло Қылмыстық кодекстің 394-бабының 2-бөлігі бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін хабарланғандай, аудан прокуратурасы құрған ведомствоаралық жедел тергеу тобы Машанлоны әшкерелеген еді.

Ол былтыр 6 тамызда Сортөбе ауылының аумағында аталған тұлғаларды Қазақстаннан Қырғыз Республикасына өткізу бекетінен тыс жер арқылы өткізіп жіберген.

«Қоспаев бастаған Шалин мен Имашевке бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік және ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін халықаралық іздеу жариялағанын айта кету керек» делінген органның әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салсақ, былтыр жыл аяғында Елдос Қоспаев пен 6 адамға рейдерлік қылмыстық топ құрды деген айыппен іздеу жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар