Қосшы кәсіпкерлері жер учаскесін сатып алуда әкімшілік кедергілерге тап болған

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Қосшы қаласының кәсіпкерлері шенеуніктер құрған әкімшілік кедергілердің салдарынан жер учаскесін сатып ала алмаған.

 Қосшы
Фото: Kazinform

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі «жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау» болып табылады. Әдетте, оны жалға алынған жер учаскелерін мақсатты игерген және оларды сатып алғысы келетін кәсіпкерлер пайдаланады. Мұндай учаскелер жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітілетін базалық мөлшерлемелер бойынша сатып алынады.

«Әкімшілік-аумақтық өзгерістер барысында Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында жергілікті өкілді органның тиісті шешімі болған жоқ, соның салдарынан Мемлекеттік корпорацияның жергілікті бөлімдері азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр болды. Бұл жағдайлар өз қызметін дамытуды жоспарлаған, банктік қарыздар алуға, жер учаскелеріне жеке меншік құқығын ресімдеуге ниет білдірген кәсіпкерлік субъектілері үшін кедергі болды», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Айта кетсек, мемлекеттен жер учаскелерін сатып алу бюджетті айтарлықтай толықтырады.

Департамент мемлекеттік корпорацияның филиалына өтініш берушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы ақпараттық хат енгізіп, мемлекеттік органдарға Қосшы қаласы бойынша базалық ставкаларды бекіту қажеттігі туралы хабарлағаннан кейін базалық ставкалар бекітілді. Осының арқасында 2023 жылы 22 азамат өз жер учаскелерін алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында полиция бөлімі бастығының орынбасары алаяқтық жасағанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар