Қосшыда 500 үй сібір жарасы көмілген жерге жақын салынған: қауіп бар ма
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Қосшы қаласындағы «Таза бұлақ» ауданында 500-ден астам үй сібір жарасы көмілген орынның маңында орналасқаны туралы ақпарат тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Қала әкімдігі мен облыстың бас ветеринар дәрігері қауіпті нысанның қай жерде орналасқанын және неліктен жергілікті тұрғындарға қауіп төндірмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Қосшы қаласының «Таза бұлақ» ауданындағы 500-ге жуық үй сібір жарасы көмілген орынның үстіне салынғаны туралы ақпарат таралып, жергілікті тұрғындарды алаңдатты.
Осыған байланысты Қосшы қаласының әкімдігі түсініктеме берді.
— Қосшы қаласының «Таза бұлақ» ауданында тарихи есепке алынған нысан бар, ол туралы мәліметтер есеп құжаттарында көрсетілген. Қолда бар деректерге сәйкес, бұл ошақ 1986 жылғы 28 тамызда тіркелген. Аталған аумақ ауру малдың ұшасын мүшелеген орын болған, — деп хабарлады әкімдік.
Алайда бұл нысанның санитариялық-қорғау аймағына қатысты мәселенің өзіндік құқықтық тарихы бар. Бұған дейін санитариялық-қорғау аймағы 2010 және 2014 жылдары Целиноград ауданы әкімдігінің қаулыларымен белгіленген. 2021 жылы бұл қаулылар Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің ережелерін ескере отырып, прокуратураның шешімімен күшін жойған.
— Санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға қолданыстағы нысандар үшін алдын ала санитариялық-қорғау аймақтарын белгілеу, олардың көлемін айқындау және белгіленген көлемін өзгерту өкілеттігі берілгені анықталды, — деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған аумаққа іргелес жерде 500-ден астам тұрғын үй орналасқан. Сонымен қатар 2021 жылдан бері Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы осы нысанның санитариялық-қорғау аймағы шегінде тұрғын үй салуға, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, бау-бақша өсіруге және коммерциялық нысандар орналастыруға жер телімдері берілмеген.
— Қосшы қаласындағы сібір жарасы көмілген орынның шартты аумағы көлемі 3 × 5,5 метр болатын бетон саркофагпен қоршалған. Қоршауға «Сібір жарасы» деген жазуы бар тақтайша орнатылған. Жер учаскесі 2017 жылғы 31 мамырдағы № АН 0236029 тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы актінің негізінде заңда белгіленген тәртіппен рәсімделген. Тиісті мәліметтер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген. Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті санитариялық жағдайы қолайсыз елді мекендер аумағындағы белгілі сібір жарасы көмілген орындарға жыл сайын мониторинг жүргізіп, топырақ сынамаларын алады. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері теріс, — деп толықтырды ведомство өкілдері.
Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтің айтуынша, Тайтөбе мен Қосшы аумағында сібір жарасы көмілген екі орын бар.
— Қосшы қаласының аумағында 1986 жылы пайда болған сібір жарасы көмілген орын бар. Ол Сарқырама өзенінің маңында, тұрғын үйлерден 40–50 метр қашықтықта және «Таза бұлақ» демалыс аймағына жақын орналасқан. Кезінде бұл жерде малдың ұшасы мүшеленіп, терісі көмілген. Кейін малдың сібір жарасымен ауырғаны анықталған. Ветеринариялық қызмет осы орынды сібір жарасы көмілген жер ретінде белгілеген. 2021 жылы ол жерге бетон саркофаг орнаттық. Одан сібір жарасының ешқандай бацилласы таралмайды, қауіп жоқ, — деді ол.
Оның сөзінше, үйлердің неліктен осы орынға жақын салынғанын санитариялық-қорғау аймағының бұрын белгіленбеуімен түсіндіруге болады.
— Бұрын санитариялық-қорғау аймағы болмаған деуге болады, сондықтан мұндай көршілікке рұқсат етілген. Кейін 1 000 метрлік санитариялық-қорғау аймағы белгіленді. Содан бері біз сібір жарасы көмілген орыннан 1 000 метрден аз қашықтықта құрылыс жүргізуге рұқсат беретін анықтамаларды бермейміз. Алайда бұған дейін салынған нысандар сол жерде қалды. Іс жүзінде олар саркофагтың жанында орналасқан. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, одан ешқандай қауіп жоқ, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, — деп түсіндірді облыстың бас ветеринар дәрігері.
Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысының бір ауданында Сібір жарасының 27 ошағы сақталған.