Қосшыда науқасқа медициналық көмек көрсетпеген фельдшер 3,5 жылға сотталды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Қосшы қалалық соты абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, науқасқа дәлелді себепсіз медициналық көмек көрсетпегені үшін жедел медициналық жәрдем фельдшеріне қатысты қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодекстің 320-бабының 2-бөлігі).

Астана
Фото: Виктор Федюнин

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімін жариялайтын кезде облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының, Ақмол қосалқы станциясының және Қосшы қаласы емханаларының медицина қызметкерлері сол жерде қатысып отырған. 

Сотта анықталғандай, фельдшер жүрек ауыруына шағымданған азаматшаның үйіне шақыру бойынша келіп, тиісті медициналық көмек көрсетпеген және науқасты ауруханаға жеткізіп, жатқызудан бас тартқан.

Кейін науқас медициналық көмек алу үшін ауруханаға өз бетінше баруға мәжбүр болған. Ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагноздары қойылды. 

«Сотта фельдшердің кінәсі сараптама қорытындысымен, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, жедел медициналық жәрдем фельдшеріне пациентті ауруханаға шұғыл жеткізуді көздеген нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді», — деді ведомстводан. 

Жаза тағайындауда сот кінәлінің жас болуын, қылмысты алғаш рет жасағанын назарға алды. 

«Сот үкімімен кінәліге медициналық қызмет көрсету құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіретін жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ», — деп толықтырды Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында науқастың шағымын бұрмалаған фельдшер сотталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар