Қосшылықтар су тасқынына қаншалықты дайын

қосшы
Фото: mail.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қосшы қаласын қардан тазарту және су тасқынының алдын алу жұмыстарына бюджеттен 370 млн теңге қаражат бөлінген. Қосшылықтар қала мәртебесін алғаннан кейін қазынадан үлестірілетін қаражат көлемі артып, сәйкесінше, су тасқынына қарсы шаралар да жүйелі атқарылып жатыр.  Kazinform тілшісі Қосшы қаласына барып, су тасқынының алдын алу шараларының барысымен танысып қайтты.

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әсет Мұқановтың айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын қыста қардан тазарту жұмысынан бастау маңызды. Бұл ретте, қыстан бері 40-тан астам қар таситын және 20 су таситын автокөлік, инженерлік техникалар апаттың алдын алуға жұмылдырылған. 

қосшы
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

«Биыл жауын-шашын мөлшері өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп түсті. Ол аздай, өткен күз жаңбырлы болғаны белгілі. Біз су тасқынының алдын алу шараларын қаңтар-ақпан айларында қолға алып, қар сыртқа шығарылып отырды. Қаланың өз полигоны бар. Қыстыгүні шамамен 161 мың текше метр қар шығарылды», - деді ол.

қосшы
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

Белгілі болғандай, биыл 28 ақпанда қала әкімінің өкімімен су тасқынының алдын алу бойынша жедел штаб құрылған. Ал 20 наурыздан бастап күннің күрт жылып, қардың еруіне байланысты аталған штаб тәулік бойы жұмыс режиміне көшкен. 

«Бүгінде шаһар аумағында қар жоқ десек те болады. Су жайылған көшелерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Көшелерді су шаюдың жоғары көрсеткіші алдыңғы күні тіркелді, қазір суды тарту жұмысы жартылай аяқталды. Енді 1-2 күнде жағдай толығымен тұрақталады. Себебі тасқын судың деңгейі төмендеді. Жедел штаб күні-түні жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар су басу қаупі төнген жағдайда қайда хабарласу керек екенін жақсы біледі. Олармен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілді», - дейді Ә.Мұқанов.

Десе де, кейбір тұрғындар ескертуге құлақ аспай, ауласындағы қарды тазалауға асыға қоймапты. Тіпті, кейбір бизнес субъектілері де ережеге бағынбаған. Сәйкесінше, айыппұл арқалағандар аз емес. Әкімдік қол қусырып отырмай, тұрғындардың ауласындағы қарды тазалауға да кірісіп кеткен. Бүгінде қала көшелерінен 71 мың текше метр су сорылып, сыртқа шығарылған. Су сорғылау жұмыстары аяқталып, қала қалыпқа келгеннен соң көше жолдарын ретке келтіру маңызды. Себебі ойдым-ойдым, шұрық-тесік жолдар аз емес. 

қосшы
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

«Конкурс аяқталуға жақын. Келесі аптада мердігер компания белгілі болады. Яғни, күн жылынғаннан кейін шұңқыр жолдарды жөндеу жұмысына кірісеміз. Қосшы қаласының көшелерімен қатар, Лесная поляна тұрғын үй алабының көше жолдары да жөнделеді. Қаланың аумағы күн сайын өсіп келеді, сәйкесінше атқарылатын жұмыстың көлемі де арта түскен», - дейді спикер.

қосшы
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

Айта кетейік, 2015 жылы Қосшы су астында қалып, кейін су тасқынынан зардап шеккендерге арнайы көпқабатты тұрғын үйлер салынған болатын.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астана қаласына Қосшы қалашығының қосылу мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берген еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram