Қосшы ауылында 14 су ұңғымасының құрылысы жүргізілуде-Ақмола облысы

2016 жылдан бастап, Нижнеромановск ауылынан бастап, Қосшы кентіне дейін су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба бойынша әр біреуі 1 900 текше метр болатын екі резервуар, 14 ұңғыманың құрылысы енгізіліп отыр.
Жоба 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде үш ұңғыма пайдалануға берілді. Оған қоса, бактерицид қондырғысы орнатылып, қосымша 1 000 текше метр су алынды.
Еске сала кетейік, осыған дейін «Лесная поляна» массивінің тұрғындары су мен жарықтың жоқтығына шағымданған болатын. Целиноград аудандық әкімдігінің мәліметі бойынша Қосшы кентіндегі су жүйелерінің тозығы жеткендіктен апат орын алып, тұрғындар тіршілік нәрінсіз қалған еді. Қазіргі кезде, бұл мәселе біртіндеп шешілуде.
Ал, жарыққа келетін болсақ, «Лесная поляна» массивіндегі жарық нысандары «Альянс Строй Инвест» ЖШС иелігінде. Сондықтан, бұл нысандар Қосшы селолық округі аппаратының есебіне берілген кезде тұрғындардың жарыққа қолы жететін болады.
Қазіргі кезде, электр желісі округ әкімдігінің есебінде, сондықтан проблема жоқ.