Қосшы ауылында қазандық пен жиһаз жасайтын цех өртенді

ҚОСШЫ. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанның жанындағы Қосшы ауылында ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Қосшы ауылында қазандық пен жиһаз жасайтын цех өртенді

28 желтоқсан сағат 00.22 кезінде Целиноград ауданының Ақмол ауылы №22 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылында қазандық жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Сағат 00: 23-те оқиға орнына жақын маңдағы Қабанбай батыр ауылындағы Ақмола облысы ТЖД №34 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндіру автоцистернасы (арақашықтығы - 18 шақырым) және Ақмол ауылындағы №22 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автоцистернасы (арақашықтығы - 45 шақырым) жіберілді.

Оқиға орнына қосымша Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД күш-құралдары (арақашықтығы - 18 шақырым) жіберілді.

Бірінші бөлімше шақыру орнына келген кезде сағат 00.50-де (27 минуттан кейін) жалпы алаңы 750 шаршы метр қазандық пен металл пластик және жиһаз бұйымдарын өндіретін цехтың толықтай отқа оранғаны анықталды.

Өртті сөндіруге және Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысы ТЖД өртке қарсы қызметінің 34 қызметкері мен 5 өрт сөндіру автоцистернасы жұмылдырылды.

Өрт сағат 02.35-те ауыздықталып, сағат 04.20-да сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.