Қосшы қаласының әкімдігі №320 автобустың кешігу себебін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қосшы әкімдігінің баспасөз қызметі Астана мен қала арасында қатынайтын №320 маршруттық автобусының неге кешіккенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«№320 бағдарда 8 автобус жүреді, аралығы 13-20 минут. Алайда 18.07.2023 жылы 8 автобустың үшеуі техникалық себептерге байланысты бағдарда болмағанның кесірінен жүру аралығы 60 минутқа ұзарған. №320 бағдардың жүру аралығы «City Transportation Systems» ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің бақылауына алынады», - делінген әкімдік мәліметінде.
Әкімдік өкілдері қазіргі таңда жүргізуші мен автобус санының жеткіліксіз болуы маршурттық автобустардың қатынау жиілігін ұлғайтуға кедергі келтіріп отырғанын айтып отыр.
«Қосшы қаласына 4 бағдармен №302 (3 автобус), 303 (14 автобус), 320 (8 автобус), 323 (3 автобус) бас-аяғы 28 автобус қызмет көрсетеді. Автобустардың қозғалыс аралығы 8 минтуттан басталады. №320 бағдардың жүру аралығы - 14-20 минут. Бүгінгі таңда тасымалдаушыларда жүргізушілердің (900-ден астам адам) және жылжымалы құрамның (400-ге жуық) жетіспеушілігіне байланысты, бағдардағы автобус санын ұлғайту және аралықты қысқарту қиынға соғып отыр. Алайда, кестелер санының ұлғаюы 2023 жылы жылжымалы құрамды сатып алғаннан кейін қосымша қаралады», - деп жазылған ресми ақпаратта.
Айта кетейік, редакциямызға Қосшы қаласының тұрғындары 18 шілде күні кешке қарай Қосшы-Астана арасында қатынайтын №320 автобусты бір жарым сағат бойы күткенін айтып шағымданған болатын.