Қосшыдағы лифті зауытының өніміне сұраныс артуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астана маңындағы Қосшы елді мекенінде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны - «Sky Express Elevator KZ» лифт жасау зауытында өткен жылы 80 лифт жəне 11 эскалатор шығарылды. Бұл туралы Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалиннің жұмыс бабымен аталған кəсіпорында болғанында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Қосшыдағы лифті зауытының өніміне сұраныс артуда

Зауыт директоры Нариман Хабибтің айтуынша, Қазақстанда бұған дейін лифт жасалмаған. Бұл еліміздегі лифт жасайтын алғашқы зауыт болып отыр.

«Зауыт қуаты жылына 1 000-ға жуық лифт жасап шығаруға жетеді. Қазір мұнда тұрғын үйлер мен кеңселерге арналған стандартты лифтілерден басқа, жүк, автокөліктік және аурухана лифтілері де шығарылады. Жеке тапсырыс бойынша панорамдық лифтілер де құрастырылады Сондай-ақ, зауыт коттедж үйлерге арналған лифтілерді де, эскалаторлар мен траволаторларды да шығарады», - дейді Нариман Хабиб.

Оның айтуынша, өткен жылы барлығы 80 лифт жəне 11 эскалатор шығарылды. Келешекте бұл көрсеткішті 1000 лифтіге дейін жеткізу жоспарда бар.

Зауыт директоры атап өткендей, кәсіпорын ашылғанына көп уақыт болмаса да, оның өнімдеріне деген сұраныс қазірдің өзінде көбейіп отыр. Тапсырыс берушілер Орал, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да қалалары.

«Біз өнімдерімізді сатып алған ғимаратқа толықтай орнату, одан әрі қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын да өз мойынымызға аламыз. Лифтілердің негізгі бөлігі, яғни темір корпусы, едені, төбесі,қабырғалары және шахтада болатын барлық темір құрылғылары қазақстандық өнімдерден жасалады», - деді Н.Хабиб.