«Коста Конкордиа» кемесінің бортында болған Қазақстан азаматтарының жағдайлары қалыпты - СІМ
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі елімізден тысқары тұрып жатқан және шет мемлекеттерде жүрген азаматтарына көмек көрсетуді жалғастыруда», - деді бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистермен болған брифингте.
Оның деректеріне қарағанда, «Коста Конкордиа» кемесінің бортында Қазақстанның 3 азаматы бар деген хабар түскеннен кейін-ақ консулдық қызметкерлері олармен байланыс орнатты. Қазақстан Республикасы азаматтарына көмек көрсету үшін және кемеде Қазақстанның өзге де азаматтарының бар-жоғын анықтау үшін консулдық қызметкерлері Монте-Арджентарио қаласына аттанды.
Нәтижесінде, осы оқиғаның салдарынан зардап шеккен тағы 4 азаматтың аты-жөндері белгілі болып, олар жөнінде қосымша мәліметтер алынды. Олар - Рустам, Агеев, Лола Агеева, Виктория Барбашева, Кира Ряднова, Александр Корсунский және Наталья Корнсунскаялар. Аталған азаматтардың хал-жағдайлары қанағаттанарлық, денсаулықтарына зиян келмеген.