Қостанай әуежайы екінші рет сатылмай қалды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай халықаралық әуежайы жекешелендірудің екінші кезеңі аясында саудаға қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі gosreestr.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанай әуежайы екінші рет сатылмай қалды

Әуелде, халықаралық әуежайды сатып алу құқығы бойынша сенімді басқаруға беру тендерін өткізу 2017 жылғы 20 желтоқсанға жоспарланған. Алайда, өтінім түспеген соң тендер өткізілмеді. Дәл осындай жағдай бүгін де қайталанып отыр.

«Сауда-саттықтар басталу уақытында тендерге (конкурс) қатысушылар өтінімдерінің екіден кем болуы себебінен нысан өтпеді», - деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің веб-порталында. 

Енді үшінші сатылым барысында жекешелендіру шарттары өзгертіледі. Кепілдік жарнасы 129,3 млн теңгеге тең болмақ.

Айта кетейік, аталған нысан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің балансында тұр. Ол Қостанай қаласы төңірегінің оңтүстік-батыс жағынан 2 шақырым жерде және әкімшілік орталығынан 5,6 шақырым қашықтықта орналасқан. Әуежай халықаралық мәртебеге ие. Бір жыл ішіндегі рейс саны - 1700. Жеткізілетін жүктердің, поштаның көлемі - 250 тоннадан астам.