Қостанай әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай халықаралық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Нәтижесінде әуежай бір уақытта 7 рейсті қабылдайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Биыл әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өткім келеді. Жобада аэровокзал алаңын 5,2 мың шаршы метрден 8,7 мың шаршы метрге дейін, сондай-ақ өткізу қабілетін сағатына 250 жолаушыға дейін ұлғайту көзделген», - деді Қ. Ақсақалов.
Әкімнің айтуынша, бұл шаралар бір уақытта 7 рейсті қабылдауға, ұшу географиясын кеңейтуге, ұшып келу залының өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, былтыр Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы жылдық аясында Қостанай халықаралық әуежайына ұлт ұстазының есімі берілді. Бұл бастаманы әуежайдың ұжымы көтерген.
Бұған дейін Құмар Ақсақалов өңірдегі автожол жағдайын баяндап, облыс жолдарының 85% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін айтқан еді.