Қостанай ауруханасына оттегі концентратының 70 данасы тапсырылды
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында демеушілердің қаражаты арқылы оттегі концентраттары сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің жедел штабына сілтеме жасап.
Бүгін облыстық және Қостанай қалалық ауруханаларына 70 дана оттегі концентраты түсті.
Мамандардың айтуынша, 1 концентратор 2 адамға қызмет көрсетеді. Бұл құралдар тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарға оттегі алуға мүмкіндік береді.
«Жақын арада тағы 300-ден астам концентрат жеткізіледі деп күтілуде. Бұған қоса Қостанай облысы ауруханалары үшін 150-ге жуық пульсоксиметр, 90 оттегі аппараты және тұрмыстық техника сатып алынды. Облыстық ауруханаға 40 млн теңгеден астам сомаға жабдық түсті. Жітіқара аудандық ауруханасы мен Бейімбет Майлин ауданының ауруханасына инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, обаға қарсы костюмдер және басқа да қажетті заттар қойылды»,- делінген штабтың ақпаратында.
Сонымен қатар Варваринское және Комаров тау-кен кәсіпорны жақын арада аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 33 млн теңге бөледі.