Қостанай автозауытында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайдағы автомобиль зауытында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Қостанай автомобиль зауыты биылдан бастап «Chevrolet» маркасының жаңа үлгілерін құрастырады. Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен желісінде жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жоғары өнімді жұмыс орны ашылмақ.
«Қызметтер мен өндіріс секторлары арасында жұмыс күші ұлғайып келеді. Осындай кезде аталмыш жобаның маңызы ерекше.
Қазіргі уақытта зауыт толық жүктемемен үш ауысымда жұмыс істейді.
Жаңа өндірістік желіде «Chevrolet» маркалы автомобилінің Damas, Labo, Trailblazer, Malibu, Spark сияқты бірнеше түрі құрастырылады.
«Chevrolet Damas» автобусы мен «Chevrolet Labo» жүкмашинасыныңы қолжетімді құны шамамен 3 млн теңгені құрайды. Бұл сауда, логистика, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы шағын және орта бизнес үшін тартымдылығын арттырады»,- делінген министрлік ақпаратында.
Айта кетейік, Қазақстанда автомобиль жасау – экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Осы жылы автомобиль өндірісінің жалпы көлемін жылына 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Мұның 50%-ы – коммерциялық техникалар.