Қостанай: Батыр мүсінін сүрудегі қателіктер үшін әкім кешірім сұрады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегенов Қазақ хандығының 550 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің сүрілуі кезінде жіберілген өрескел бұзушылықтар үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қостанай жаңалықтары»порталына сілтеме жасап.
Атап өтілгендей, бейсенбі, 6 қыркүйек күні облыстық баспасөз-клубында жоспардан тыс брифинг өтті. Оған Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегенов пен әкім аппаратының біраз бөлігі Батырға арналған ескерткіштің бұзылуына қатысты өз ұстанымдарын білдіру үшін келген.
«Мердігер өрескел бұзушылыққа, қателікке жол берген. Сол күні таңертең жеке өзім, құрылыс бөлімінің өкілдері және ауыл әкімі сол жерде болдық. Жұмысшыларға: Жігіттер, абайлап түсіріңдер. Қаз-қалпында болсын. Шатынап, жарылып жатса, кесіңдер, оны кейін қалпына келтіреміз» делінді. Тағы қайталап өтемін, олар үлкен бұзушылыққа жол берген. Кейін бізге түсіндіргендей, мүсінді көтермек болған. Бірақ бір жері шытынап кеткен. Содан кейін осылайша сүруге шешім қабылдаған. Батыр мүсінін қайта монтаждау кезінде жіберілген өрескел бұзушылық үшін жергілікті қоғамдастықтан кешірім сұраймын. Бірақ бұдан біз - қарабалықшылар қазақ халқына және Қазақ хандығына қарсымыз деген түйін жасаудың қажеті жоқ. Бұл олай емес», - деді аудан әкімі Нұржан Өтегенов.
Сондай-ақ ол аудан әкімі қызметіне жуырда ғана кіріскенін атап өтті. Сол кезде оған Ардагерлер кеңесі мен қоластындағы қызметкерлері ескерткіш жөндеуді қажет ететінін және оның сыртқы келбетін қалпына келтіргісі келетіндерін жеткізген.
«Көктемгі және күзгі ауа райынан кейін оның тұғыры отырды және кіші сәулеттік нысанның бұзылуының алғашқы белгілері байқала бастады. Алдымен артқы бөлігі қирап түсті. Оны жөндеп қойдық. Кейін жарыла бастады. Осыдан соң оны қайта жөндеу ұсынысы жасалды», - деді ол.
Брифинг барысында анықталғандай, әкімдік қызметкерлерінің қолында ескерткіштің мүшкіл жағдайын дәлелдейтін бірде-бір фотосурет болмай шықты. Аудан билігінің айтуынша, мүсін ескерткішке жатпайды және ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің реестрінде тіркелмеген. Жұмсалған қаржы көлемі 1 млн теңгеге жуық.
«Оны ауыстыру туралы шешім биылғы сәуір айында қабылданды. 2015 жылы демеушілік қолдау көрсеткен кәсіпкерлер бұл туралы ескертілді», - деді аудан басшысы.
Қостанай облысы Қарабалық ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш қиратылғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ескерткіштің сүріліп жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Сол күні ауыл әкімі ҚазАқпарат тілшісіне берген жауапқа сәйкес, қирауға шақ қалған мүсін басқа ескерткішпен алмастырылады.
«Жаңа нысан таза қоладан жасалады және бұрынғы ескерткіштен 50-70 сантиметрге биік болады. Ол үшін Алматы қаласына тапсырыс берілді. Қазан айының алғашқы онкүндігінде әкелінеді. Жаңа ескерткішке Қарабалық батырдың есімі беріледі , - деген еді Қарабалық ауылының әкімі Асан Шектібаев.