Қостанай базарларында қарбыз бен қауынды тексеретін мобильдік зертхана жұмыс істеуде
ҚОСТАНАЙ. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Қостанайда бақша дақылдарын жаппай сату орындарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің көшпелі зертханалық бекеті жұмыс істей бастады.
Қарбыз не қауын сатып алған кез келген адам өнімдердің қауіпсіздігін тексеру мақсатында мамандарға жүгіне алады. Нитраттарды тексеру жедел зерттеуі тегін жүргізілуде.
Департаменттің мамандары бақша дақылдарын тексеру бойынша шара «таза азық-түлік - дені сау халық» республикалық акциясының аясында өткізіліп отырғанын хабарлады.
Кеше зертхананың көшпелі бекеті облыс орталығындағы орталық базар мен екі дүкеннің қасында тұрды. Бүгін жылжымалы зертхана Жастар көшесіндегі сауда қатарларына аттанды.