Қостанай халқының 85 пайыздан астамы ұлттық санақтан өтті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы халық санағының аралық қорытындысын бүгін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай халқының 85 пайыздан астамы ұлттық санақтан өтті

«Бүгінгі күнде Қостанай облысы халқының 85,6%-ға жуығы немесе 737 634 адам санаққа қатысты, оның ішінде 476 046 адам немесе 55,3%-ы сұхбат алушылардың сұрақтарына офлайн жауап берді, 261588 адам немесе халықтың 30,4%-ы санақтан онлайн өз бетінше өтті»,- деп хабарлады облыс әкіміің орынбасары.

Санаққа ең көп қатысушылар Науырзым ауданында (97,5%), Қостанай (95,8%), Федоров (95,2%), Денисов (94,4%), Жангелдин (94,3%) аудандарында, сондай-ақ Арқалық қаласында (95,7%) байқалады.

Облыста халқының 90%-дан астамы санақтан өткен төрт аудан бар. Олар:Алтынсарин ауданы-90,8%, Рудный қаласы - 90,7%, Ұзынкөл ауданы - 90,1%, Амангелді ауданы - 90,0%.

«Қалған 8 ауданда және қалада санаққа халықтың 85%-дан астамы қатысқан. Қостанайда халықтың 78,7% -ы санақ сұрақтарына жауап берді, оның ішінде 68 мыңнан астамы немесе 27,2%-ы онлайн-санақтан өткен»,- деп атап өтті Ерлан Спанов.

Облыс әкімінің орынбасары азаматтарды санаққа белсенді түрде қатысуға шақырды.

Ерлан Спанов атап өткендей, санақ деректері әлеуметтік-экономикалық, демографиялық мәселелердегі жағдайдың толық көрінісі, дұрыс жоспарлау мен есептеулер үшін маңызды болмақ.