Қостанай қаласы маңындағы суға түсу болмайтын орындар анықталды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай қаласында шомылу маусымы қарсаңында жабдықталған жағажайлар мен қауіпсіздігі жоғары суға түсу орындарының тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Соның салдарынан көптеген тұрғын жаз мезгілінде су жағасындағы арнайы жабдықталмаған орындарда демалып, жазатайым оқиғаларға тап болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Суға шомылу
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Аслан Махмұтовтың айтуынша, судағы оқиғалардың санын азайту үшін қаладағы қауіпті учаскелерге 30 тыйым салу белгісін орнату ұсынылған.

Аталған белгілер бау-бақша серіктестіктері маңында, Тобыл өзенінің жағасында, қазаншұңқырларда, Корей көпірі, Гагарин бөгеті, ҚЖБИ жағалауы, «Тәрелочка» көлі аумағында, сондай-ақ Қонай және Амангелді шағынаудандарында қойылады.

Бұдан бөлек, қосымша құтқару мұнарасын орнатып, оны құтқару шеңберлері мен құтқару кеудешелерімен жабдықтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қонай және КСК аудандарында қосымша ресми шомылу орындарын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Себебі аптап ыстық күндері тұрғындарға бір ғана қалалық жағажай жеткіліксіз болып отыр.

Гагарин бөгеті ауданында қоршаулар орнату жоспарланған. Ал қаладағы LED-экрандарда судағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер көрсетіледі.

Сонымен қатар жағажайларға демалушыларға арналған баннерлер мен жадынамалар орналастыру көзделген.

Айта кетейік, жуырда ІІМ шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ Астанада шомылуға рұқсат етілген 5 орын белгіленді.