Қостанай қаласындағы 125 лифт қолдануға жарамсыз – әкімдік
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жеделсатылардың қызметі туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысында көп қабатты тұрғын үй лифттерінің жай-күйі мәз емес. Облыс бойынша қолданыста 709 лифт бар. Оның дені жөндеуді қажет етеді. 289 жеделсатының пайдалану мерзімі өтіп кеткендіктен, бүтіндей алмастыру керек. Алдағы 5 жыл ішінде Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларындағы көп қабатты тұрғын үйлерде 300-ге жуық лифтіні жаңарту жоспарланған.
«Қостанай қаласында 387 жолаушы жеделсатысы бар болса, оның 125-і алмастыруды талап етеді. 114 лифттің қолдану мерзімі өтіп кеткен, қалған 11-ін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Қазір бұл мәселені ерекше бақылауға алдық. Жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді», - дейді Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.
Қостанай облысының әкімі аппарат мәжілісінде Архимед Мұхамбетов лифт сатып алудың нақты жоспары болу керектігін айтқан болатын.
«Өздеріңіз білесіздер, көрші облыстарда лифттің істен шығуы салдарынан қайғылы жағдайлар болды. Мен сіздерге әркез ескертіп келемін. Лифт сатып алудың арнайы жоспары болуы қажет. Қазіргі кезде бір лифт 5-6 млн теңге тұрады. Жыл сайын 100-150 млн теңге жұмсасақ, 30-40 лифтіні ауыстыруға болады. Сондықтан істен шыққан жеделсатыларды жаңартудың бағдарламасын жасаңыздар» – дейді Архимед Мұхамбетов.
Айта кетейік, 2018 жылы Лисаков қаласында жасөспірім лифтке қысылып, көз жұмды. Осы оқиғадан кейін облыстың барлық қаласында желесатыларға тексеру жүргізілді.