Қостанай қаласының барлық көшесіне асфальт төселеді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында 90 шақырымға жуық жолға тас төселеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Алексей Тарасовқа сілтеме жасап.

Қостанай қаласының барлық көшесіне асфальт төселеді

«Қазіргі уақытта жолдардың сапасына қатысты тұрғындардан шағым көптеп келуде. Көшенің ойлы-шұңқырлы болуынан көліктер балшыққа батып, әбігерге түседі.Тұрғындар осы проблеманы бірнеше рет көтерді. Енді алдағы 5 жылда қаланың барлық көшесіне асфальт төсейтін боламыз», - деді А.Тарасов.

Қазір қала көшелерінің 90 шақырым жолына тас төселмеген. Бұл аумақты тасжолмен қамтамасыз етуге жыл сайын 700 млн-1 млрд теңге бөлінеді. 5 жылға есептегенде бұл сома 4,5 млрд теңгені құрайды.

«Мамандармен кеңесе келе, жол жөндеу жұмыстарына «суық ресайклинг» әдісін қолданамыз. Ол біздің климаттық белдеуімізге дәлме-дәл келеді. Дымқылды жақсы көтереді», - деді ТКШ бөлімінің басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , биыл Қостанай облысында жергілікті маңызы бар 394 шақырым тасжол жөнделеді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.