Қостанай қаласының маңындағы бұлақтардың суы ішуге жарамсыз

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай қаласының іргесіндегі бұлақ суының құрамында ауыр металдар көп. Бұл туралы экологтердің сараптамасынан соң белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай қаласының маңындағы бұлақтардың суы ішуге жарамсыз

«Qostanai – adaldyq alany» кеңсесінің қызметкерлері экология департаменті зертханалық-сараптамалық бақылау бөлімінің мамандарымен бірігіп, қала маңындағы бұлақтарға барды. Басты мақсат – бұлақ суының құрамын тексеру. Жалпы қалада бірнеше табиғи бұлақ көзі бар. Жергілікті тұрғындар арасында жер астынан шығып жатқан бұл қайнарлардың «суы ең таза әрі денсаулыққа пайдасы мол» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан қостанайлықтар бірнеше жылдан бері ауыз суды осы бұлақтардан алып келеді. Дегенмен, эколог мамандар қала маңындағы бірде-бір бұлақтың суы ішуге жарамайтынын айтуда.

«Бұлақ суының құрамында нитрат, фосфаттар мен ауыр металдардың шектен тыс көп мөлшері анықталды. Негізі көктем-жаз маусымында суда адам ағзасына зиянды элементтер үш есе көбейеді. Мәселен, бір литр судағы амоний тұзының шекті мөлшері 45 мг-нан аспауы керек. Ал Қостанай маңындағы бұлақ суларында бұл көрсеткіш 145 мг-нан асып кеткен. Бұл су сапасының төмендігін және оның мүлдем ішуге жарамайтынын білдіреді. Біз жүргізген талдаулар су құрамында ауыр металдар мен аммоний элементтерінің мөлшерден тыс көп екенін көрсетіп отыр», - дейді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Сәбиев.

Сонымен, Қостанай қаласы маңындағы бұлақтардағы судың құрамында шаруашылыққа пайдаланылатын химиялық қалдық көп. Оған, бір жағынан, жаңбыр суы ағып кететін тоғандардың болмауы мен тұрмыста полифосфаттардың жиі қолданылуы әсер етіп отыр.

Экологтердің ескертуіне қарамастан, бұлақ басына келген жұрт кеміген жоқ. Тіпті, алдыңғы жылы табиғи су көздерінің басына «Бұлақ суы ішуге жарамсыз!» деген ескерту тақтайшасы қойылған.

«Біз мониторинг өткізу барысында бұлақтың басына барып, тұрғындармен тілдесіп, судың зиянды екенін түсіндіруге тырыстық. Бірақ мұнымыз нәтиже бермеді. Енді қала маңындағы бұлақтарды шаруашылыққа пайдаланылатын су көзі ретінде ғана танып, оны көміп тастау туралы мәселе көтеремін. Қазіргі тиімді шешім осы ғана», – деді «Qostanai – adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі Анжела Әлжанова.