Қостанай колониясы Балалар үйіне маска мен аяқ киім тігіп берді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында колонияда жазасын өтеушілер Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне маскалар мен аяқ киімдер тігіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесі бастығының орынбасары Ерік Рамазановтың айтуынша, бұл шара ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау үшін жасалған. Рудный қаласының коррекциялық мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне 250-ге жуық қорғаныс маскасы, сондай-ақ 20 жұп аяқ киім тігілген.
«Жетім балаларға көмек көрсету әлеуметтік маңызы бар жұмысымызға жатады. Сотталғандар арасында тәрбиелік мәні бар шараларды көбірек өткізуге тырысамыз. Бұл, бір жағынан, олардың өздеріне де жақсы. Қылмыс колониясының мақсаты да сотталғандарды түзеу, жақсы жаққа дамыту саналады. Жақсылыққа бастайтын осындай бастамаларымыз жетерлік», - деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері балаларға сүлгі, кеңсе тауарлары, сондай-ақ дидактикалық материалдар мен үстел ойындарын сыйға тартты.
Бұл сыйлыққа мектеп-интернатының балалары дән риза. Олар үнемі қолдап, көмек көрсетуді игі дәстүрге айналдырған қылмыс колониясы қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.