Қостанай көшелері ресайклинг әдісімен жөнделеді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанайда жол жөндеуге 6 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 39 көше жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімі Базыл Жақыповқа сілтеме жасап.
Бөлінген қаражатқа тек орталық көшелер ғана емес, жеке секторлардағы жолдар қалыпқа келтіріледі. Былтыр 5,5 млрд теңге бөлініп, Қостанайдағы 48 көше жөндеуден өткен еді. Тұрғындарға есеп беру кезінде қала әкімі Базыл Жақыпов мәлім еткендей, Майлин көшесіндегі жұмыстар толығымен аяқталды. Ал Лермонтов, Набережный және Карбышев көшелерін қалыпқа келтіру осы жылы жалғасады.
«Негізгі деген 10 көше қалыпқа келтіріледі. Оған 4,2 млрд теңге жұмсалады. Атап айтқанда, былтыр аяқсыз қалған Набережная, Лермонтов, Тәуелсіздік көшелері, Павлов көшесінің біраз аумағы, Абай даңғылы, Съянов көшесіндегі өтпежол, Гагарин көшесі де жаңарады. Тағы 5 көше орташа жөндеуден өтеді. Оларға 750 млн теңге қарастырылған», - деді қала басшысы.
Айта кету керек, көшелер ресайклинг әдісімен жөнделеді. Осылайша, ескі асфальтті кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Суық ресайклинг технологиясы арқылы ескі төсемді қыздыру қажет емес. Бұл қуатты үнемдеу жағынан да, қоршаған ортаны қорғау жағынан да маңызды. Сондай-ақ, аталған әдіс асфальт-бетон қызметін орташа алғанда 3-5 жылға ұзартады.
Мұның сыртында, облыс орталығында 102 мың шаршы метрлік жол төсемі жөнге келтіріледі. Қала әкімі аулалар ішін назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Бұған 430 млн теңге қарастырылып отыр.
Базыл Жақыпов атап өткендей, бүгінде көлік инфрақұрылымына қатысты барлық конкурстар жарияланған, өтінімдер қабылдау жүргізіліп жатыр. Қолайлы ауа райы туысымен-ақ қалада жол жөндеу жұмысы басталады.