Қостанай мен Қызылорда облыстары елордадағы жәрмеңкеге 900 тонна өнім әкеледі
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Демалыс күндері Астана қаласының орталық алаңында қалалық әкімдіктің алдында жыл сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Онда Қостанай және Қызылорда облыстары өз өнімдерін ұсынады. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.
Жәрмеңкеге Қостанай облысының 12 ауданы мен Қостанай, Рудный және Аркалық қалалары қатысады. Қостанай облысынан әкелінетін өнімнің жалпы көлемі 300 тоннадан асады, соның ішінде 33 тонна ет өнімі, 150 тонна картоп пен көкөністер, 25 тонна сүт өнімі, 20 тонна шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар, 58 тонна ұн, жарма, макарон өнімдері, 14 тонна сұйық май, 100 мың дана жұмыртқа елорда базарларында сатылатын азық-түлік бағаларынан төмен бағамен саудаланады. Қостанай облысының 60 кәсіпкері 30 шатырда сауда жасайды.
Қызылорда облысынан жәрмеңкеге өңірдің 7 ауданы мен Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады. Жалпы құны 106 млн. теңгелік 590 тонна өнім сатылады. Соның ішінде, 8,5 тонна қой еті, 28,2 тонна сиыр еті, 10,5 тонна жылқы еті, 2 тонна құс еті, 60 тонна балық, 22 тонна сүт тағамдары,120 тонна күріш, 82 тонна картоп, 145 тонна көкөніс, 9 тонна жеміс-жидек, 45 тоннадан қарбыз бен қауын және басқа да тауарлар жеткізіледі. Сонымен қатар, жәрмеңке алаңына 5 киіз үй тігіліп, елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылады.
Айта кетейік, жәрмеңкеде тауарлардың құны базардағы бағалардан 10-20% төмен болады. Бұдан басқа, халықтың сатып алу қабілеттілігін арттыру үшін қалалық алаңда жәрмеңке кезінде көркемсурет, жылқы шаруашылығы көрмесі, сондай-ақ, Қостанай және Қызылорда облыстарының көркем өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.