Қостанай облысына қандай азық-түлік сырттан әкелінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 12 түрі бойынша халықтың қажеттілігін толықтай өз өндірісі есебінен қамтамасыз етеді. Тағы 14 түрлі өнімге деген қажеттілікті Қостанай облысы басқа өңірлерден жеткізілетін тауарлар есебінен өтейді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

торговля, продукты
Фото: gov.kz

2026 жылдың басынан бастап Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 позицияға дейін кеңейтілді.

Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, олардың 12 түрі бойынша өңір халықтың сұранысын жергілікті өндіріс есебінен толық қамтамасыз етеді.

Ал азық-түліктің тағы 14 түріне деген қажеттілік жергілікті өндіріс пен Қазақстанның басқа өңірлерінен жеткізілетін өнімдер есебінен өтеледі.

Қалған өнімдер сырттан әкелінеді. Қостанай қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, облыста дәстүрлі түрде өндірілмейтін тауарлар тұрақты түрде жеткізіліп отыр.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 11,7 мың тонна өнім және 19,6 миллион дана жұмыртқа бар.

Сонымен қатар қыс-көктем кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 2,1 мың тонна картоп, 550 тонна сәбіз, 650 тонна қырыққабат және 300 тонна пияз жеткізуге келісімшарт жасалған. Бұдан бөлек, көкөністердің дәл осындай көлемін тағы сатып алу жоспарланып отыр.

Бұған дейін Қостанай облысының Федоров ауданындағы Кеңарал мектебінің 110 оқушысы жаңа оқу жылын өз мектебінің ғимаратында емес, басқа жерде бастайтынын жазғанбыз.