Қостанай облысында 300 жұмыс орны ашылады: прокуратура инвесторға келтірілген кедергілерді жойды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен «DS Corporation» ЖШС-нің құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Заң
Фото: Kazinform

Компания сауда-ойын-сауық орталығы бар қонақүй кешенін салу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Инвестициялардың жалпы көлемі 8 млрд теңгені құрайды, бұл 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Нысан облыс орталығына жақын маңда салынып жатыр. Қонақүй мен сауда-ойын-сауық орталығынан бөлек, кешен құрамына балалар аттракциондары мен автокөліктерге арналған сервистік аймақ кіреді.

Жоба заманауи демалыс инфрақұрылымын қалыптастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Анықталғандай, Меңдіқара ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы электрондық шот-фактураны жазып бермегені үшін инвесторды әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Алайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама прокуратурамен міндетті келісілмей жасалған, бұл заң талаптарын бұзу болып табылады.

-Меңдіқара ауданы прокурорының наразылығы бойынша сот әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулының күшін жойып, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Инвестордың құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. «Прокурорлық фильтр» тетігі шеңберінде инвесторларға қатысты кез келген шектеу немесе әкімшілік сипаттағы шаралар прокуратура органдарымен міндетті түрде келісілуі тиістігін айта кету керек,-делінген хабарламада.

Бизнесті қорғау және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қостанай облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторлар келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болатынын түсіндіреді: +7 (701) 855-87-06 немесе 115 Call-орталығы.

Осыған дейін прокуратура республикалық жолдағы заңсыз шектеуді тоқтатқан болатын.