Қостанай облысында 40 жыл бойы жөнделмеген жол қалыпқа келтіріледі
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында 40 жыл бойы жөндеу көрмеген тас жолды қалыпқа келтіру жұмыстары басталады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, аталған өңірдегі республикалық маңызы бар күре жолдардың жалпы ұзындығы 1 534 шақырымды құрайды және оның 82% қанағаттанарлық деңгейде. Кейбір учаскелердің жөнделмегеніне 40 жылдай болғанын халық та, жолшылар да айтып жүр. Осы мақсатта өңірдегі автожолдарды қалыпқа келтіру бойынша ауқымды іс-шаралар кешені басталмақ.
Биыл облыста республикалық маңыздағы 6 автожолдың жалпы жиыны 187 шақырымында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы жол жабыны жаңартылып, барлық пайдаланушыға сапалы жолмен қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етіледі. Оның ішінде Р-63 «Денисовка-Тарвиченко-Аршалы-Комаровка» және Р-36 «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» автожолдары 2023 жылы жөнделе бастаған.