Қостанай облысында 90 мыңнан астам киік тіркелді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында 90 мыңнан астам киік анықталды. Қазіргі уақытта егіс алқаптарына қауіп жоқ, жағдай бақылауда. Бұл туралы Қостанай облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі мәлім етті.

Сайгаки
Фото: Қостанай облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы

2026 жылғы 5 мамырдағы мәлімет бойынша, киіктердің негізгі шоғыры Арқалық қаласынан 50 шақырым жердегі Қызылсай аумағында шоғырланған. Мұнда шамамен 80 мың бас киік тіркелген.

Сонымен қатар Амангелді ауданында 10 мыңға жуық киік анықталса, Қамысты және Жангелдин аудандарында – екі мыңнан, Наурызым ауданында 40-қа жуық киік бар. Ал Әулиекөл мен Қарасу аудандарында киік тіркелмеген.

Өңірде тәулік бойы жеті мобильді мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Бақылау жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған. Мамандардың айтуынша, жануарлардың көшу бағыты ауыл шаруашылығы алқаптарынан алыс жатқан дала арқылы өтуде.

Салалық инспекция өкілдері облыста егіс науқаны әлі басталмағанын, қазіргі уақытқа дейін егістік жерлердің тапталу деректері тіркелмегенін хабарлады.

Мәселені үйлестіру мақсатында Қамысты ауданында арнайы штаб отырысы өткізілді. 13 мамыр күні Амангелді ауданында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, жергілікті атқарушы органдар мен аграршылардың қатысуымен тағы бір кеңес ұйымдастырылады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ықтимал шығынның алдын алу үшін қажетті күштер мен техникаларды айқындаған. Жақын күндері өңірге басқа облыстардан қосымша ресурстар жіберу жоспарланып отыр.

Мамандар киіктердің еліміздің табиғи қорының бір бөлігі екенін еске салып, оларды заңсыз жою немесе жануарларға қатыгездік көрсету жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде киік санағының нәтижесі жазда шығатыны хабарланды.