Елімізде алғаш рет ауыл медбикелеріне 1 млн теңге көлемінде көтермеақы төленеді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысы ауылдық жерге жұмысқа баратын орта медицина қызметкерлеріне облыстық бюджеттен көтермеақы беретін Қазақстандағы алғашқы өңір болады. Тегін төлемнің мөлшері 1 млн теңге.

медсестры
Фото: Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Облыстық мәслихат депутаттары медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету қағидаларына енгізілетін өзгерістерді қарады.

Отырыс барысында бұған дейін мұндай қолдау дәрігерлерге ғана көрсетілгені айтылды. Ал орта медицина қызметкерлеріне көтермеақы төленбеген.

-Бұған дейін орта медицина қызметкерлеріне мұндай қолдау болған жоқ. Бұл – алғаш рет енгізіліп отырған шара. Жалпы Қазақстан бойынша Қостанай облысы ауылдық жерлерге жұмысқа баратын орта медицина қызметкерлеріне көтермеақы белгіледі, – деді жиында.

Ауылдық жерге жұмысқа жіберілетін орта медицина қызметкерлеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Бұл санатқа медбикелер мен фармацевтер кіреді.

Сонымен қатар дәрігерлерге берілетін көтермеақы мөлшері де қайта қаралады.

Мәслихат отырысында таныстырылған жобаның соңғы нұсқасына сәйкес, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда дәрігерлерге 5 млн теңге төленеді.

Арқалық қаласы, Жітіқара және Қостанай аудандары үшін көтермеақы мөлшері 7 млн теңге болып белгіленеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитовтың айтуынша, өзгерістер тек төлем мөлшерін арттыруды көздемейді.

Әлеуметтік қолдау алғаннан кейінгі міндетті еңбек ету мерзімін қысқарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ маман жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қаражатты қайтару тәртібі өзгереді.

Бұған дейін маман алған қаражатын толық көлемде қайтаруы тиіс болса, енді қайтарылатын сома өтелмеген жұмыс мерзіміне пропорционалды түрде есептеледі.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында көтермеақыны жеті дәрігер алған.

Олардың төртеуі қалада, біреуі моноқалада, екеуі ауылдық жерде жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар аса тапшы мамандықтар бойынша үш маманға 53 млн теңге көлемінде төлем жасалған.

Көтермеақының жаңа мөлшері мәслихат шешімі күшіне енгеннен кейін қолданыла бастайды.

Осыған дейін СҚО-да ауылға келген 58 дәрігерге 87 млн теңге көтермеақы берілетіні туралы жаздық.