Қостанай облысында қар, бұршақ және көктайғақ күтіледі: полиция ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында алдағы күндері қатты жел, жауын-шашын, қар, бұршақ және көктайғақ күтіледі. Осыған байланысты полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

полиция
Фото: ҚР ІІМ

— Өткен аптадан бері Қостанай облысында ауа райы құбылып тұр. Алдағы уақытта өңірде қатты жел, жауын-шашын, қар, бұршақ және көктайғақ сияқты қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтарды жолда аса сақ болып, қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жүргізушілер жолда аса сақ болғаны жөн. Ауа райы мен жол жағдайын ескере отырып, жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау, күрт маневрлер мен шұғыл тежеуден аулақ болу қажет. Мүмкіндігінше ауа райы тұрақталғанға дейін алыс жолға шықпаған абзал, — делінген хабарламада. 

Мамандардың айтуынша, жаяу жүргіншілерге де жолда аса сақ болу қажет. Жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтіп, көліктің толық тоқтағанына көз жеткізген жөн.

— Тайғақ жолда көліктің тежеу жолы ұзаруы мүмкін екенін естен шығармаңыз, - деп ескертті полициядан.

Қауіпсіздік талаптарын сақтау — жол-көлік оқиғаларының алдын алудың және адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Ауа райына бей-жай қарамай, жолда сақтық танытыңыз.

Айта кетейік, 6–8 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Елдің солтүстік-батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын болуы мүмкін.