Қостанай облысында шет елден кірген 80 көлікті жалған құжатпен тіркегендер тергеліп жатыр

АФМ
Фото: Қаржылық мониторниг агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті 83 ауыр салмақты көлікті жалған құжатпен тіркеп, тиісті салығын төлемегендерді анықтады. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Белгілі болғандай, мемлекетке келтірілген шығын 591 млн теңге. 

Республика бойынша басталған ауқымды тексеру аясында Қостанай облысының бірқатар тұрғындары 2020-2023 жылдар аралығында Еуропадан Қазақстан аумағына шет мемлекеттердің шығарылған жылы туралы жалған ақпаратты көрсететiн тіркеу куәліктерін пайдаланып, жүк көлік тіркемелерін әкелгені анықталды.

Айласын асырғандар көлікті бастапқыда тіркеу үшін төленетін 7 млн теңгені 700 мыңға дейін төмендетіп, салық мөлшерін мейілінше азайтқан.  

«Салық кодексіне сәйкес, шығарылған күні расталған жүк көліктері үшін төленетін сома 2500 АЕК болатын еді, алайда күдіктілер жалған құжат арқылы 350 АЕК төлеген» - делінген хабарламада.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен қызметтік үйлеріне тінту кезінде халықаралық жүкқұжаттар, шот-фактуралар мен кедендік төлемдерді төлеу түбіртектері, көлік құралдарын сатып алу келісімшарттары, декларациялар анықталып, тәркіленді. 

Сот санкциясымен жоғарыда аталған көліктерге, сондай-ақ күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкіне тыйым салынды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар