Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов айтты.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Негізгі су қоймаларында біртіндеп су ағызуды төмендете бастадық. Мәселен, Қаратомар су қоймасында соңғы тәулікте су ағызу секундына 1 100 текше метрге азайды және секундына 2 200 текше метр құрады. Сондай-ақ, Жоғары Тобыл және Желқуар су қоймалары бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Мұның сыртында, өзендердегі су деңгейі де төмендеп келеді. Тобыл өзенінің бас жағында соңғы тәулікте 71 см-ге, Әйет өзенінде 91 см-ге төмен түскендігі тіркелді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 см-ге дейін құрады.
«Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың әлі де жоғары деңгейі сақталып отыр», - деді Арман Әбенов.