Қостанай облысында тасқынмен күреске 3 мыңдай ерікті тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков өңірдегі тасқынмен күрес жұмыстарына еріктілердің қалай атсалысып жатқанын айтты. 

Волонтеры, спасатели, паводки, подтопления, талые воды, мешки с песком, СКО
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

«Облыстың барлық аймақтарында еріктілер жасақтары құрылып, 3 000-ға жуық волонтер су тасқынына қарсы іс-шараларға, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек таратуға белсенді ат салысуда.

Өңірлердегі еріктілердің жұмысын жастар ресурстық орталықтары үйлестіреді. 7 сәуірдегі жағдай бойынша су басу қаупі жоғары аймақтарда жасақталған еріктілер саны 1 760 адамнан асқан (Рудный, Қостанай қалалары мен Қостанай ауданында) Анықтама ретінде: өңірлер бойынша еріктілер саны – Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарында – 350-ден, Денисов ауданы – 100, Б.Майлин – 110, Рудный қаласы – 250, Қостанай ауданы – 270, Қарабалық ауданы – 65, Қамысты ауданы – 70, Лисаков қаласы және Әулиекөл Алтынсарин, Сарыкөл аудандары - 60, Жітіқара, Қарасу, Ұзынкөл аудандары – 55, Меңдіқара ауданы – 45, Наурызым ауданы -35, Федоров ауданы – 60 ерікті», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның сөзінше, Қостанай қаласының өзінде 1240-тан астам ерікті 2 бағыт бойынша жұмыстар істеп жатыр.

«Бірінші бағыт бойынша төсек жабдықтары сияқты қажетті материалдарды жинап, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданының эвакуациялық пункттеріне жеткізу, ыстық тамақ тарату жұмыстары атқарылуда.

Екінші бағыт бойынша қаптарды құммен толтырып, бөгет орнатуға жұмылддырылды.

Қазіргі таңда өңірлердегі барлық еріктілер эвакуация туралы ескерту үшін үй-үйді аралап, бөгеттерді нығайту, арықтар мен су арналарын бұрып, азық-түлік жеткізу, қаптарды құммен толтыру, Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарында гуманитарлық көмек тарату сияқты жұмыстарға жұмылдырылған.

Қостанай облысының қала мен аудандарынан келген еріктілер Қостанай ауданының Тобыл қаласының тұрғындарына су тасқынына қарсы жұмыстарда ауқымды көмек көрсетуде.

7 сәуірде Тобыл қаласына Меңдіқара ауданынан 200, Алтынсарин ауданынан 100, Федоров ауданынан 50, Рудный қаласынан 70 ерікті келді.

8 сәуірде Б.Майлин ауданынан 50, Қарабалық ауданынан 30, Ұзынкөл ауданынан 200 ерікті тұрғын үйлердің су басу қаупі бар аумақтарын бекітуге көмек қолын созды», - деді Абай Дүйсеков.