Қостанай облысында жұмыстан босатылған қызметкерлерге өтемақы төленбеген

ҚОСТАНАЙ.KAZINFORM – Қостанай облысы Меңдіқара ауданы прокуратурасы білім беру саласында жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады.

Түркістан облысында 934 жұмысшыға өтемақыны төленбеген – прокуратура
Фото: Kazinform

Меңдіқара ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, жұмыстан босатылған қызметкерлерге заңнамада көзделген өтемақы төлемдерінің есептелмегені және төленбегені белгілі болды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде білім беру саласындағы 23 бұрынғы қызметкердің еңбек құқығы қалпына келтіріліп, оларға жалпы сомасы 150 мың теңге көлемінде өтемақы төленді.

Сонымен қатар прокуратураның қаулылары негізінде еңбекақы төлеу заңнамасын бұзу фактілері бойынша әкімшілік құқықбұзушылық істері қозғалды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабы 1-бөлігі бойынша 9 білім беру ұйымының басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, жалпы сомасы 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұлдар толық көлемде төленді.

Облыстық прокуратура мәліметінше, аудандық білім бөлімінің қызметінде мектепке дейінгі ұйымдарды жөндеуге арналған шығыстарды қалыптастыру барысында бюджет заңнамасының бұзылғаны анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заңбұзушылықтар жойылып, бюджет шығындарының алдын алынды. 10 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауапқа тартылды.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Көшеде аяғын сындырған Петропавл тұрғыны сот арқылы әкімдіктен өтемақы өндіріп алғанын жазған едік.