Қостанай облысындағы мектепте құны 50 млн теңгеден асатын сатып алу заңсыз жүргізілген
АСТАНА. KAZINFORM – Қарабалық ауданының прокуратурасы білім бөлімінде бюджет қаражатын жымқыру және мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу фактілерін анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша бөлім басшысы қызметінен босатылып, жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура тексеру барысында жауапты лауазымды тұлғаның 768 мың теңгені кіріске алмағанын анықтады. Сондай-ақ құны 8,7 млн теңге болатын мектеп жабдықтары мен оларды сатып алуға бөлінген 744 мың теңге қаражаттың жоқтығы белгілі болды.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Кейін келтірілген залал толық өтеліп, қылмыстық іс рақымшылық жасау актісі негізінде тоқтатылды.
Бұдан бөлек, жалпы сомасы 50 млн теңгеден асатын тауарлар конкурстық рәсімдер өткізілмей сатып алынған. Бұл ретте жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар мен кепілдік міндеттемелері болмаған.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылды. Тағы жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Бюджет қаражатының заңды жұмсалуын және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған дейін Қостанай облысында мектеп оқушыларының жеке деректері ашық жарияланғаны туралы жаздық.