Қостанай облысындағы жантүршігерлік жол апаты: үш мұғалім қаза тапты

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының Білім басқармасы жергілікті мектептерде жұмыс істеген педагог мамандар қаза тапқанын растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қостанай облысындағы жантүршігерлік жол апаты: үш мұғалім қаза тапты
Фото: alau.kz

16 желтоқсанда болған қайғылы оқиға үш адамның өмірін қиды. Олар – мектеп мұғалімдері.

- 16 желтоқсанда облыс аумағында болған жол апатынан екі педагог қаза тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. Қостанай ауданы Заречный мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сондай-ақ Алтынсарин ауданының «Больше-Чураков» жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы туыстарына бара жатқан кезде «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тас жолында апаттан қаза тапты. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, басқарма үшінші педагогтың жеке мектепте жұмыс істегенін нақтылады.

Естеріңізге сала кетейік, 16 желтоқсан күні Қостанай облысында, Қарасу ауданы Герцено кентінен 10 шақырым жерде, «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тасжолында Volvo және Toyota Alphard автомобилі қақтығысып, апат болды. Жол апатынан жарақат алған 3 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы үшеуі Әулиекөл аудандық ауруханасына жатқызылды.

Соңғы жаңалықтар