Қостанай облысының шаруаларына төленбеген 100 миллионға жуық субсидия қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің араласуынан кейін Қостанай облысының төрт шаруасы көптен күткен 92 млн теңге көлеміндегі төлемдерін алды.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті шаруалар субсидияның негізсіз төленбегенін айтып, шағым түсірген.
-Басқарма тарапынан субсидия алмаған шаруалардың арыз-шағымдары облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында жүргізілген тексерулер кезінде қаралып, заң бұзушылықтар анықталды. Субсидия бермеудің заңды себептері табылмады,- деп атап өтті баспасөз қызметі.
Төлемдер сатып алынған пестицидтер мен элиталық тұқымдарға қатысты. Нәтижесінде шаруаларға тиісті төлемдердің барлығы толығымен қайтарылды.
Осыған дейін Ақтөбе облысында алаяқтар субсидияға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық қаржыны жымқырғанын жаздық.